Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ғылыми орталығының сейсмологиялық обсерватория басшысы Жансая Досымбекованың айтуынша, осыдан үш күн бұрын Қытай мен Қырғызстан шекарасында болған жер сілкінісінен кейін елде әлсін-әлсін жер дүмпуі әлі жалғасып жатыр.
«Қазіргі таңда 2 мыңға жуық әлсіз жер сілкіністері тіркелді. Оның 10-ын алматылықтар сезінді. Жер дүмпуі 2-3 балл деңгейінде болды. Соңғысы түнгі сағат екілер шамасында тіркелді», - дейді маман.
Спикердің сөзінше, бұл дүмпулер қауіп төндірмейді.
«Себебі мұндай жер сілкінісінен кейін әлсіз дүмпулер міндетті түрде болып тұрады. Ол жылдар бойы созылуы мүмкін. Сондықтан тұрғындарға қорқуыға негіз жоқ», - деді ол.
Еске салайық, 23 қаңтар түнде Алматыда 5 балл деңгейінде жер сілкінді. Алматылықтардың айтуынша, жерасты дүмпуі осы жолы қатты сезілді. Ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрығындар үрейленіп, үйінен көшеге, далаға шықты.