Алматының қала құрылысын бақылау басқармасының хабарлауынша, бұған дейін жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында меншік иесінің рұқсатсыз 4 қабатты ғимарат салғаны анықталды.
— Меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, сотқа талап арыз берілді. Ұзаққа созылған сот процестерінің нәтижесінде апелляциялық сот алқасы заңсыз салынған нысанды бұзу туралы қаулы шығарды. 2026 жылы 23 ақпанда Әділет департаментінде атқарушылық іс қозғалды, — делінген хабарламада.
Басқарма мәліметінше, бірер күн бұрын сот орындаушыларының қатысуымен ғимаратты бұзу жұмыстары басталды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Розыбакиев көшесі, 166 мекенжайында орналасқан дәмхананың заңсыз салынған жазғы террасасы бұзылып жатқанын хабарлағанбыз.