Алматыда заңсыз салынған автосервис сүрілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының «Алғабас» шағын ауданындағы Бесінші белес көшесінде орналасқан автосервис нысаны сүрілді.

Фото: Алматы әкімдігі

Қала құрылысы бақылау басқармасының мәліметінше, жоспардан тыс жүргізілген тексеріс барысында құрылыстың рұқсатсыз салынғаны анықталды. Нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Фото: Алматы әкімдігі

 

Алайда нұсқама талаптары орындалмағандықтан, басқарма Алматының Алатау аудандық сотына талап-арыз түсірген.

— 2025 жылғы 29 мамырда аудандық сот талап-арызды қанағаттандырды, ал Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот шешімін орындау мақсатында меншік иесі нысанды бірер күн бұрын бұзды, — деп хабарлады ведомство өкілдері.

Еске салайық, кеше Алматы орталығында заңсыз салынған дүкен бұзылды.