Алматыда заңсыз салынған кезекті нысан бұзылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы мейрамханалардың бірінде жазғы терраса сот шешімімен бұзылды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, Медеу ауданында рұқсатсыз салынған нысан туралы белгілі болған. Қажымұқан көшесі, 37 мекенжайында орналасқан құрылысқа жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталған.
Кейін нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, материалдар сот қарауына жолданды.
– 2025 жылы 12 тамызда Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты заңсыз жазғы алаңды бұзу туралы талап-арызды толық қанағаттандырды. Сот шешімін орындау мақсатында нысанды бұзу жұмыстары меншік иесі тарапынан жүзеге асырылды, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматының тау бөктерінде заңсыз салынған үш қабатты нысан бұзылып жатқанын жазғанбыз.
Жалпы 2025 жылы Алматыда сот шешімімен заңсыз салынған 42 нысан бұзылды.