Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу мен бақылау комитетінің Алматы департаментінің басшысы Мұрат Мұратбековтың айтуынша, биыл жарты жылда алматылықтарға бала туу мен бала күтіміне байланысты 16 107 жәрдемақы, 9 510 мемлекеттік базалық зейнетақы, жасына байланысты 8 661 зейнетақы төлемі, жерлеуге арналған 4 857 біржолғы төлем, мүгедектікке байланысты 1 945 жәрдемақы мен көпбалалыларға 1 926 жәрдемақы тағайындалған.
Оның ішінде әлеуметтік төлемдерді заңды негізде тағайындау мәселесі де назарға алынған. Цифрландыру мен бақылауды күшейту аясында департамент 7 мыңнан астам зейнетақы ісін тексерген. Соның нәтижесінде 82 жағдайда жалған құжатты пайдалану фактісі анықталып, артық төленген қаражат көлемі 108 млн теңге болды. Қазіргі уақытта оның 70 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.
— Мемлекеттік бюджеттен бөлінген әр теңге заң бойынша оны алуға құқылы азаматтарға ғана берілуі тиіс, — деді департамент басшысы.
Еске салайық, Алматыда жұмыстан айырылуына байланысты төлем алатындар саны 60%-ға көбейген.