Алматыда жаңа автобус бағыты ашылды

Фото: Алматы әкіімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгінен бастап Алматыда жаңа автобус бағыты ашылды.

№91 бағыттағы автобус «Нұршашқан» шағын ауданы – Алматы-2 теміржол вокзалы» бағыты бойынша 13 желтоқсаннан бастап қатынайды. Бұл бағытты «Алматыэлектротранс» ЖШС «Golden Dragon» маркалы газбен жүретін автобустарымен қамтамасыз етеді. Күн сайын 12 автобус жолға шығады, қозғалыс аралығы 12 минут.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, жолаушылар мен жүкті автокөлікпен тасымалдау ережесіне сәйкес, маршрут уақытша байқау өткізілгенге дейін тасымалдаушыға берілді және сынақ режимде жұмыс істейді. Жолаушылар легі мен халықтың қажеттілігін ескере отырып, қозғалыс сызбасына түзетулер енгізілуі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қала басшысы Ерболат Досаевтың тапсырмасымен әкімдік 600 автобус, 112 троллейбус және 100 электроавтобус сатып алды.

Жыл басынан бері қалалық мобилділік басқармасы 18 қала маңындағы және 3 қала ішіндегі маршрутты ұйымдастырды

Бұдан бөлек, 2025 жылы Алматыға электрмен жүретін 200 және газбен жүретін 600 автобус сатып алу жоспарда