Алматыда жаңа конгресс-орталықтың құрылысы неге басталмай тұр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында тұрғын Медеу ауданында құрылысы жоспарланған конгресс-орталықтың құрылысы қаншалықты заңды екенін сұрады.
- Конгресс-орталық мемлекет иелігінде болады. Жергілікті бюджет қаражаты инженерлік желілер мен абаттандыру жұмыстарына жұмсалады. Сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде жеке инвесторлардың қаражаты тартылады. Біз тек заң жүзінде жұмыс істейтін боламыз. Ондағы жерді белгіленген бағамен сатып аламыз. Оған келіспеген адамдардың сотқа шағымдануға құқығы бар. Біз 13 жер иесімен келісімшарт жасасып қойдық. Бастысы жоба үшін қажетті жердің басым бөлігі қаланың иелігінде. Тек жобаны толық іске асыру үшін қосымша аумақты сатып алу қажет. Сот қандай шешім шығарса, соған қарай біз жер иелеріне төлем жасаймыз. Ешқандай заң нормаларын бұзбадық, бұл шынымен мемлекет қажеттілігі, - деді қала әкімі.
Сондай-ақ Ерболат Досаев конгресс-орталық үшін алынатын аумақта ешқандай коммерциялық нысан салынбайтынын атап өтті.
- Қалада конгресс-орталық жоқ, сондықтан біз оны саламыз. Ал мұнда коммерциялық нысан салынады деген алып-қашпа сөздер шындыққа жанаспайды. Кеңес одағы кезінен бері Алматыда Республика сарайынан басқа нысандар салынбаған. Екінші, онда 21 гектер аумағында саябақ болады, өйткені қаланың жоғары жағында саябақтар жетіспейді, – деді ол.
Еске салайық, 2019 жылы «Алматы қаласын дамыту 50 драйвер- жобасы» аясында қалада заманауи конгресс-орталық салынатыны хабарланған еді.