Алматыда жаңа мектептің жолы үшін 11 жер телімі мәжбүрлі түрде алынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының әкімдігі Наурызбай ауданында орналасқан 11 жер телімін мемлекет қажеттілігіне алу рәсімі басталғанын хабарлады.
Тиісті қаулы (№ 3/470-1041) 2025 жылдың 21 шілдесінде қабылданған. Жер учаскелері «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 1500 орындық мектепке апаратын жол мен автотұрақ орнын салу мақсатында алынып отыр.
Бұл жер телімдері «Құрамыс» және «Таугүл-3» шағын аудандарында, сондай-ақ «Геолог» пен «Ауыл шаруашылығы қызметкері» бау-бақша серіктестіктерінде орналасқан. Жалпы алынатын жер аумағы – 0,1094 гектар. Учаскелерді мемлекет қажеттілігіне алу рәсімін аяқтау мерзімі 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген.
«Қала жер орталығы» кәсіпорны мәліметінше, жер иелеріне заңда белгіленген тәртіппен хабарлама жолданады. Оларға Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы тәртіпке сәйкес өтемақы төлейді. Жер алынғаннан кейін Қалалық мобильділік басқармасының қарамағына беріледі.
Еске салайық, бұған дейін Алматының Медеу ауданында тұрғындардың жері мектеп салу үшін мемлекет меншігіне алынатынын жазғанбыз.
Сонымен қатар Алматыда «Атакент» аумағындағы жер телімі мемлекет қажетіне алынатынын жазған едік.