Алматыда жаңа тау шаңғысы курорты пайда болады
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда «Шымбұлақ» курортынан бөлек, тағы бір тау шаңғысы алаңы ашылады. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев мәлім етті.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспарды қабылдау бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Жоспар жаңа тау шаңғысы курортын құруды көздейді. Біз бұл саладағы сұранысты көріп отырмыз, өйткені Алматы тауларының айналасында өте перспективалы нарық бар, — деді Ержан Еркінбаев Сенат қабырғасында өткен іс-шарадан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Министр орынбасарының мәліметінше, тау турисі күнделікті орта есеппен 250 АҚШ доллар жұмсайды.
— Тау шаңғысы турисі жағажай турисіне қарағанда бес есе көп қаражат жұмсайды. Бұл шетелдік туристерге ұсына алатын ерекше қызмет. Сондықтан бұл бағыттың әлеуетін бәрі жақсы түсінеді. Алдағы жылдары Алматыда жүздеген шақырымдық тау шаңғысы трассалары пайда болады. Бұл әлемдік тау шаңғысы туризмінің картасында жаңа және өте тартымды орынды қалыптастырады. Өйткені елімізде әлемдегі ең үздік тау шаңғысы курорттарының қатарына ену үшін барлық климаттық жағдай бар, — дейді ол.
Айта кетсек, 2025 жылы Алматыда туризмді дамыту үшін не істелетіні туралы хабарлаған болатынбыз.
Еске салсақ, былтыр Қазақстанда туризмге салынған инвестиция көлемі 20,3%-ға артты.