2025 жылы Алматыда туризмді дамыту үшін не істеледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Өткен жылдың 9 айында Алматыға 1,7 млн турист келген.

туризм
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы - туристер үшін еліміздегі ең тартымды қалаларының бірі. Kazinform агенттігі қалалық Туризм басқармасынан биыл жаңа туристерді тарту бойынша мегаполисте қандай жұмыстар атқарылатынын сұрады.

Ресми жауапқа сәйкес, 2024 жылдың 9 айында Алматыға 1,7 млн қонақ келген. Оның ішінде 507,5 мың адам шетелдік меймандар болса, 1,2 млн адам - ішкі туристер. Жалпы шетелдік туристер әлемнің 100-ден астам елінен келген болса, оның ішінде көш бастап тұрған Ресей азаматтары - 117 534. Екінші орында Үндістан – 82 731 турист, үшінші орында Қытай – 73 328 турист. Сонымен қатар Түркия мен АҚШ алғашқы бестікке енді. Түркиядан келген туристер саны – 26 273, ал АҚШ-тан – 21 561 турист.

Туризм басқармасы биыл қаланы халықаралық аренада таныстыру үшін 9 халықаралық туристік көрмеге, 1 жергілікті көрмеге, 4 MICE форматындағы көрмеге қатысу жоспарланғанын жабарлады. Сондай-ақ 2025 жылы 11 шетелдік қалада Алматы туризмі күні өткізіледі.

Одан бөлек осы жылы TripAdvisor, Expedia, Spottedbylocals, Edreams сынды халықаралық платформалармен ынтымақтастық орнату және қаланың туристік әлеуетін цифрлық медиада насихаттау жоспарланған.

- Бұл шаралар Алматының халықаралық туристік орталық ретіндегі позициясын нығайтуға, туристік қызмет көрсету сапасын жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған, - делінген басқарма жауабында.

Еске салайық, биыл Алматы тауларында жаңа 3 кемпинг-аймақ ашылатынын жазғанбыз.

Одан бөлек Алматыда алдағы үш жылда 5 615 нөмірге арналған 37 қонақ үй салынады.

Айта кетейік, былтыр Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризм жылы жабылған болатын.

Соңғы жаңалықтар