Алматыда Жандосов көшесіндегі асфальт не үшін алынып жатыр: әкімдік жауабы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Жандосов көшесінде әлі жаңа асфальт алып тасталды.

Видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желілерде Алматы тұрғыны Жандосов көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын көрсеткен видео тарады. 
Оның айтуынша, жұмысшылар жақсы күйде тұрған асфальтты алып тастап жатыр.

Ер адам асфальттың орнына жаңа тақталар төселуі мүмкін деп болжайды. Алайда ол әлі жаңа жабынды ауыстырғанға қарсы. Сондай-ақ ол бюджет қаражатын бұлай жұмсаудың қаншалықты орынды екенін сұрады.

Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы Жандосов көшесінде кешенді абаттандыру жобасы жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.

— Жүргізіліп жатқан жұмыстарға баға беру кезінде жекелеген учаскелерге ғана емес, көшенің жалпы жағдайы мен жобалық шешімдерге назар аудару қажет. Көшенің кейбір учаскелерінде асфальт төселсе, басқа бөліктерінде тротуарлық брусчатка бар. Сонымен қатар қолданыстағы жабындардың тозу деңгейі әртүрлі. Көптеген учаскелерде жабынның бүлінуі, шөгуі және деформациялануы байқалады, — делінген хабарламада.

Сөздерінше, жұмыс әрбір учаскені жеке-жеке таңдап жөндеуге емес, бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес тиісті аумақтарды жүйелі түрде жаңартуға бағытталған.

— Әңгіме жабынды жай ғана ауыстыру туралы емес, көшені кешенді абаттандыру туралы болып отыр. Жоба жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының бірізділігін қамтамасыз етуге, жүріп-тұрудың қолайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ қалалық кеңістіктің тұтас келбетін қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан жүргізіліп жатқан жұмыстардыңтүпкі нәтижесін ескеру қажет, — деді әкімдік.

Еске салсақ, Талдықорғанда асфальт сапасына қатысты видео қызу талқыға түсті.