Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасының алдын ала тізіміне енген нысанның ішкі жүйелерін заман талабына сай жетілдіру барысында оның тарихи сәулетін қаз-қалпында сақтап қалу талабы қатаң ескеріледі.
Жоба аясында 10,5 мың шаршы метр болатын мұз айдынының технологиялық плитасы мен салқындату жүйесі түбегейлі жаңартылмақ. Жаңа қондырғылар күн +15°C-қа дейін жылынса да, мұздың сапасын мінсіз деңгейде ұстап тұруға қауқарлы болады.
Сонымен қатар инженерлік жұмыстар кешеннің үнемділігін арттырады. Жұмысьарды автоматтандыру және жылыту жүйесін газға көшіру арқылы энергия тұтыну көлемі 25–30%-ға азаяды.
— Спорттық инфрақұрылым да халықаралық талаптарға сай қайта жасақталып жатыр. Шығыс мінбердің астынан төрешілер бөлмесі, допинг-бақылау аймағы және әрқайсысы 50 шаршы метрлік 8 арнайы киім ауыстыру орны ашылады. Ал жаңартылған «Медеу» қонақүйі бір мезетте 140 спортшыны қабылдай алады, — деді ведомство басшысы.
Еске салайық, «Медеу» мұз айдыны 2025 жылғы сырғанау маусымынан кейін жабылды.
Кейін «Медеуді» жаңғырту жұмыстары 2027 жылы аяқталатыны хабарланды.