Жасөспірімдер арасындағы жарыс Қазақстан теннис федерациясы мен Азия теннис федерациясының (ATF) қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп, елімізде жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін Спорт күніне арналады.
Турнирге Орталық және Батыс Азия елдерінен 16 жасқа дейінгі ең үздік 16 ұл және қыз теннисші қатысады. Іріктеу кезеңінің жеңімпаздары қазан айында Жапонияда өтетін Roland Garros Junior Series финалдық кезеңіне жолдама алады. Дәл сол жарыста Roland Garros 2027 жасөспірімдер турнирінің негізгі кезеңіне берілетін жалғыз жолдама сарапқа салынады.
Биыл Париждің аңызға айналған топырақ корттарында өнер көрсету мүмкіндігі үшін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Иордания, Иран, Сирия, Сауд Арабиясы және Түрікменстанның жас теннисшілері бақ сынайды.
Қазақстан намысын Родион Трайгель, Диас Төлепбергенов, Бексұлтан Бауыржанов, Иван Бондаренко, Әмина Нұрмахан, Линара Бөлешева, Алуа Марат және Влада Кузьменко қорғайды.
Roland Garros Junior Series — Халықаралық теннис федерациясы (ITF) мен Франция теннис федерациясының (FFT) жасөспірімдер теннисін дамытуға бағытталған халықаралық жобасы. Бұл серия әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарынды жас теннисшілерге «Үлкен дулыға» турнирлерінің бірі саналатын жасөспірімдер арасындағы Франция ашық чемпионатына (Roland Garros) қатысуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Торонто турниріндегі тартысты матчта жеңіске жеткенін жазған едік.
Сондай-ақ Соня Жиенбаева жекелей сында Испаниядағы турнирдің ширек финалына шықты.