Биыл олимпиаданың іріктеу кезеңіне әлемнің 28 еліндегі 125-тен астам қаладан шамамен 1 500 мектеп оқушысы қатысты. Іріктеу нәтижесінде 49 команда финалға жолдама алып, олардың 47-сі шешуші кезеңде бақ сынады. Финалға 15 елден 118 оқушы қатысты.
Халықаралық жарыста Қазақстан, Армения, Беларусь, Испания, Италия, Кипр, Қырғызстан, Марокко, Моңғолия, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Таиланд, Түрікменстан және Филиппин елдерінің оқушылары өз білімдері мен қабілеттерін көрсетті.
Олимпиада командалық форматта өткізіліп, қатысушылар бағдарламалау, деректерді талдау, математика және машиналық оқыту бағыттары бойынша күрделі тапсырмаларды орындады. Финалдық кезең екі турдан тұрды.
Жарыс қорытындысы бойынша Гран-при Ресей командасына бұйырды. I орынды Ресейдің 3 командасы, II орынды Қазақстан, Ресей, Таиланд және Кипр елдерінің 8 командасы, III орынды Қазақстан, Румыния, Ресей, Испания және Моңғолия елдерінің 12 командасы иеленді. Олимпиаданың жалпы жүлде қоры 11 миллион теңгені құрады.
FAIO олимпиадасы биыл үшінші рет ұйымдастырылды. 2024 жылы тек қазақстандық оқушылар қатысқан білім сайысы бүгінде халықаралық деңгейге көтерілді. Бұл жарыс жас дарындардың жасанды интеллект пен машиналық оқыту саласындағы білімін жетілдіруге, тәжірибе алмасуына және заманауи технологияларға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық олимпиаданың өтуіне бірқатар ірі технологиялық, қаржылық және білім беру ұйымдары қолдау көрсетті. Атап айтқанда, activ 5G телекоммуникациялық серіктес, Freedom Holding Corp. технологиялық серіктес, ANSA Qory инновациялар жөніндегі серіктес, Halyk импакт-серіктес ретінде қатысты. Сонымен қатар Mastercard, investbanq, MA7 Ventures, Silkroad Innovation Hub және Marine Health ұйымдары жобаны қолдады.
Осындай халықаралық зияткерлік жарыстарды Қазақстанда өткізу еліміздің білім беру әлеуетін танытуға, дарынды оқушыларды қолдауға және жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.