Халық саны бойынша еліміздің ең ірі мегаполисі тоқтаусыз өсіп келеді. Тұрғындар мен көлік саны да тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Мұндай жағдайда қаланың да бір орында тұрып қалмай дамуы қажет. Бірақ кез келген ірі мегаполисте секілді Алматы инфрақұрылымының дамуына кедергі болатын басты мәселе – жердің жетіспеуі. Сондықтан ҚР Жер кодексiнің 84-бабына сәйкес (Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарудың жалпы ережелері мен принциптері) қала жекеменшіктегі жер телімдерін мемлекет мұқтажына алып жатыр.
Жалпы Жер кодексiнің 84-бабының 2-тармағында қандай жағдайда жер учаскесі мәжбүрлі түрде алынатынын белгіленген:
• Қазақстан Республикасы ратификациялаған шарттардан туындайтын халықаралық мiндеттемелер аясында;
• Ұлттық қауіпсіздік пен табиғатты қорғау: Шекара бекіністері, әскери полигондар салу, қорықтар ашу, тарихи-мәдени орындарды қорғау немесе арнайы экономикалық аймақтар құру қажет болғанда;
• Пайдалы қазбалар мен кен орындарын игеру: жердің астынан бағалы металдар, мұнай-газ немесе басқа да маңызды қазба байлықтар табылып, оларды өндіру жұмыстары басталған кезде;
• Ірі инфрақұрылымдық және стратегиялық нысандар құрылысы: жолдар (автомобиль, теміржол, метро, тоннель), әуежайлар, электр желілері, байланыс мұнаралары, ғарыш нысандары, магистральдық құбырлар (мұнай-газ), мұнай өңдеу зауыттары мен қала ішіндегі ортақ пайдаланылатын нысандар құрылысы қажет болғанда.
• Қаланың бас жоспары және әлеуметтік нысандар салу: Елді мекендерді дамытудың бас жоспарына сай, бюджет есебінен маңызды ғимараттар бой көтеруі тиіс болса. Сондай-ақ, Астана, Алматы және Түркістан қалаларының ерекше мәртебесі туралы заңдарға сәйкес, халыққа аса қажетті мемлекеттік мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалар салу үшін жер телімдері мәжбүрлі түрде алынуы мүмкін.
Алматыда қала әкімінің қаулысына сәйкес мемлекет мұқтажына алынып жатқан жер телімдеріне тоқталып өтейік.
Қоғамдық кеңістік пен көлік инфрақұрылымы
Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 30 шілдедегі № 3/470-1105 қаулысы бойынша Бостандық ауданы, Жандосов көшесінің солтүстігінде, Вахтангов көшесінің шығысында орналасқан 34 жер учаскесі аумақты абаттандыру және көгалдандыру үшін алынып жатыр. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген. Бұл учаскелер Бостандық ауданы әкімдігінің теңгеріміне беріледі.
Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 6 қазандағы № 4/675-1246 қаулысы сәйкес, Наурызбай ауданында бірнеше жер телімдері автотұрақ, автобус айналатын алаң және автобус паркінің құрылысын салу мақсатында алына бастады. Оның ішінде Наурызбай ауданы, «Құрамыс» шағын ауданындағы Ақселеу Сейдімбек көшесі бойында орналасқан 0,0641 және 0,0740 гектар болатын екі жер телімі бар. Олардың орнына әлеуметтік нысандарға арналған автотұрақ алаңының құрылысы жоспарланған. Одан бөлек Абай даңғылының солтүстігінде және Медеубеков көшесінің шығысында орналасқан 15 жер телімін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуда. Онда қаланың қоғамдық көліктері айналатын алаң салынады.
Қала әкімдігінің 2025 жылдың 22 қазанындағы қаулысына сәйкес, № 193 мектеп аумағын кеңейту үшін қазір «Кемел» шағын ауданында орналасқан 20 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынып жатыр. Бұл жер телімдері сатып алынғаннан кейін қалалық білім басқармасына беріледі.
Сондай-ақ 2025 жылдың 22 қазанындағы № 4/675-1293 қаулы бойынша «Шұғыла» шағын ауданында орналасқан 7 жер учаскесі автомобиль паркінің құрылысы үшін алу жұмыстары басталды. Осы күнгі келесі қаулы бойынша қолданыстағы автобус паркін кеңейту үшін Рысқұлов даңғылы, 76 мекенжайында орналасқан 3 жер телімі мәжбүрлеп иеліктен шығарылып жатыр. Аталған жер телімдері сатып алынғаннан кейін жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасына беріледі.
Жер телімдері мәжбүрлі түрде алынып жатқан ірі жобалардың бірі – Алматы-3 вокзалының құрылысы. Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 2 наурыздағы № 1/1-257 қаулысына сәйкес, Боралдай-Ақсеңгір аралығында вокзал салу үшін Алатау ауданында орналасқан 52 жер учаскесін мемлекет мұқтажына алынып жатыр. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген. Бұл учаскелер сатып алынғаннан кейін жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының теңгеріміне беріледі.
Сонымен қатар қала әкімдігі арқан жол базалық станцияларының құрылысы үшін жер телімдерін алу туралы қаулы шығарды. 2026 жылдың 27 сәуірінде бекітілген құжат бойынша Алма-тау көшесі бойында орналасқан 4 жер учаскесі алына бастады. Кейін олар Алматы қаласы туризм басқармасының теңгеріміне өтеді.
Қала үшін тағы бір маңызды жобалардың бірі – LRT құрылысы. Осы мақсатта шаһар басшылығы Жетісу, Алмалы, Әуезов және Алатау аудандарының аумағында орналасқан 270 учаскені алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы қаулы 2026 жылдың 26 наурызында жарияланды.
Көше салу және жол ұзарту жұмыстары
Алматыда жер телімдерін мемлекет мұқтажына алудың басты себептерінің бірі – көше ұзарту жұмыстары. Қазір қала бойынша келесі көшелердің құрылысы үшін жер телімдері алынып жатыр:
– Рысқұлов даңғылын ұзарту үшін 220 учаске;
– Мұқанов көшесін ұзартуға 211 учаске;
– Төле би көшесін дейін ұзарту үшін 264 учаске;
– Тілендиев көшесін ұзартуға 467 учаске;
– Хмельницкий көшесін ұзартуға 97 учаске сатып алынады.
Одан бөлек Райымбек даңғылын ұзарту үшін Жетісу көшесінен Шығыс айналма автомобиль жолына дейін орналасқан учаскелерді сатып алу туралы екі қаулы шықты. Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 22 қазандағы № 4/675-1295 қаулысы бойынша 103 жер учаскені алынып жатыр. 2026 жылдың 21 қаңтарындағы №1/1-85 қаулыға сәйкес, тағы 54 жер учаскесін сатып алу жұмыстары басталды.
Сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 22 қазандағы № 4/675-1296 қаулысымен Талғар күре жолын Халиуллин көшесінен қала шекарасына дейін қайта құру үшін Медеу ауданында орналасқан 33 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алыну үстінде. Бұл жер телімдерінің барлығы сатып алынған соң, Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының теңгеріміне беріледі.
Ал «Шығыс қақпасы» полиорталығына шығатын жолды Бұқтырма көшесіне дейін ұйымдастыру үшін Түрксіб ауданы, «Қайрат» шағын ауданында орналасқан 197 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынады. Бұл Алматы әкімдігінің 2026 жылғы 22 мамырдағы №2/195-706 қаулысында көрсетілген. Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы заңнамада белгіленген тәртіпте жер телімдерінің иелеріне өтемақы төлейді. Учаскелер толық сатып алынған соң, Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының қарамағына беріледі.