Алматыда Желтоқсан көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Желтоқсан көшесінде BRT жобасын жүзеге асыру аясында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.

Әкімдіктен мәлім еткендей, бүгін 2 шілдеде сағат 08:00-ден 22:00-ге Гоголь көшесінен Райымбек батыр даңғылына дейінгі жолда көлік қозғалысы уақытша тоқтатылады. Бұл аумақты Наурызбай батыр көшесі мен Абылай хан даңғылы арқылы айналып өтуге болады.

– Жөнделетін учаскеде ескерту белгілері, мердігер ұйым басшысының байланыс нөмірі жазылған тақта қойылады. Маршрутты алдын ала жоспарлауды сұраймыз, – делінген хабарламада.

Фото: Алматы әкімдігі

Осыған дейін Алматыда Абай даңғылы мен Марков көшесі екі айға жабылатыны туралы жазғанбыз. 

Жалпы, биыл қала бойынша 39 шақырым жылу желісін қайта жаңарту жоспарланған. Бұл желілердің тозу деңгейін 54%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.