«Алматы қаласында жер сілкінісі кезінде бөлімшелердің тиісінше әрекет етпеу фактісі бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі жүргізген қызметтік тергеу нәтижесінде 14 қызметкер қатаң жауапқа тартылды. Оның ішінде министрліктің 4 басшысы, сондай-ақ олардың 5 орынбасары, 1 ведомстволық бағынысты ұйымның басшысы, аумақтық бөлімшенің басшысы және оның орынбасары бар», - делінген ТЖМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, онда Төтенше жағдайлар министрлігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің 2 басшысына қатысты жауапкершілік ертерек өндіріп алумен шектелгені жазылған.
Айта кетсек, бұған дейін Алматы қаласындағы жер сілкінісі кезінде дұрыс әрекет етпегені үшін ТЖМ-де қызметтік тергеу жүретіні айтылған еді.
Еске сала кетейік, қаңтар айынан бері Алматы тұрғындары жер сілкінгенін жиі сезіп келеді.
Сондай-ақ, сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы биыл Қазақстан аумағында жойқын жер сілкінісі болмайтынын жеткізді.