Алматыда жер сілкінісінен қандай оқу орындары зардап шекті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде әл-Фараби және Абай атындағы университет ғимараттарының бүлінгені түсірілген видео пайда болды.

Фото: Александр Павский/Kazinform

4 наурызда болған жерасты дүмпуінен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі экономика және жоғары бизнес факультетінің 2-қабатындағы қабырғаларына жарықшақ түскен. 
Видеоны студенттер жүктегенімен, ЖОО әкімшілігі әзірге нақты түсініктеме бермеді.

«Ақпарат нақтыланған жоқ. Ғимараттарға ешкім кірмеді. Студенттер үйлеріне қайтарылды»,- деп хабарлады ЖОО баспасөз қызметірнен.

Ал, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әкімшілігі жер сілікінісі салдарынан оқу ғимараттары мен жатақханаларда жарықтар пайда болғанын растады.

«Жер дүмпуінен оқу ғимараттары мен жатақханалардың кейбір жерлерін де болар болмас жарықтар пайда болды, бірақ айтарлықтай зақымданулар анықталған жоқ. Видеода университеттің 425 аудиториясы көрсетілген. Онда аспалы төбенің бірнеше жеңіл тақтайшасы құлады. Қазіргі уақытта төбенің зақымданған жерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Римма Абдықадырқызы.

Сонымен қатар, ол жер сілкінісінің алғашқы белгілерінен кейін студенттер мен қызметкерлер ғимараттан дереу эвакуацияланып, сыртқа шығарылғанын жеткізді.

«Бүгінгі жағдайға байланысты студенттер сабақтан босатылды. Жатақханаларда студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы кезекшілік ұйымдастырылып, тиісті шаралар қабылданды»,- деп атап өтті Жоғары оқу орнының өкілі.