— Бұрын отбасылық жанжал көбіне әркімнің жеке ісі ретінде қабылданса, бүгінде мұндай әрекетке нақты құқықтық баға берілетін болды. Зорлық-зомбылықтың психологиялық, сексуалдық немесе экономикалық сияқты кез келген түрі жол беруге болмайтын әрекет және ол заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеледі, — деді Айтан Елеусізов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.
Полиция өкілдері қазір қысым көрсету азаматтың қауіпсіздігіне төнетін елеулі қатер ретінде қарастырылатынын атап өтті. Қудалау әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен кейін құқық қорғау органдары мұндайды анықтау мен зардап шеккендерді қорғау жұмысын күшейткен.
— Көп жағдайда сталкинг тұрақты қоңырау шалудан, қорқытып, аңдып, жүріп-тұруын бақылап, психологиялық қысым жасаудан басталады. Кейде балалары, туыстары арқылы да қысым көрсетіп жатады. Мұндай әрекеттің соңы кейін ауыр қылмысқа алып келуі мүмкін. Сондықтан полиция зорлық-зомбылықтың ертерек алдын алуға тырысады, — дейді полиция өкілі.
2026 жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша 3 104 адам профилактикалық есепке қойылыпты. 2 557 құқықбұзушыға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылса, тағы 547 адамға сот ерекше мінез-құлық талаптарын белгілеген. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 127 адам, ерекше талаптарды бұзғаны үшін 145 адам жауапкершілікке тартылыпты.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік құқықбұзушылық үшін 2 173 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жыл басынан бері полицияға осындай 4 952 арыз-шағым мен хабарлама түскен. Полиция жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету 17 адамды уақытша абақтыға қамап, құқық бұзған тағы адам 347 арнаулы орындарға орналастырған.
Соттар тарапынан да жәбірленушіні қорғаудың қосымша шаралары қабылданып жатыр. Атап айтқанда, құқықбұзушыларға қатысты 30 ерекше мінез-құлық талабы белгіленіп, 6 жағдайда жәбірленушіге жақындауға тыйым салынған.
Сонымен қатар жыл басынан бері 78 адам алкоголизмнен мәжбүрлі емделуге жіберіліп, тағы 30 құқықбұзушы психокоррекция кабинетіндегі арнаулы психологиялық бағдарламалардан өткен.
Ал жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 24 әйел жіберіліп, олармен бірге 49 кәмелетке толмаған бала орналасқан. Алматыда зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін 16 мемлекеттік емхана жұмыс істейді.
Еске салайық, бұған дейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасы Данияр Мейірханға қатысты сталкинг бойынша қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлаған еді.