Оның сөзінше, жылыту маусымы аяқталғанымен, ауаны ластайтын негізгі фактор өзгерген жоқ.
— Ауа ластануының ең жоғары көрсеткіштері көбіне жылыту кезеңіне сәйкес келеді. Жаз айларында жылу жүйелері жұмыс істемейді. Дегенмен атмосфераға тарайтын зиянды заттардың негізгі көзі әлі де автокөліктер болып отыр. Қаладағы жалпы шығарындылардың шамамен 60 пайызы көлік құралдарының үлесіне тиеді. Өкінішке қарай, ескі автокөлік паркі жазда да, қыста да ауаның толық тазаруына кедергі келтіреді, — деді Дінмұхамед Лесбеков.
Маманның сөзінше, Алматыдағы ауа сапасына «Қазгидромет» РМК тұрақты бақылау жүргізеді. Қала аумағында атмосфералық ауаның жағдайын бақылайтын 20 автоматты мониторинг станциясы және бес стационарлық бақылау бекеті жұмыс істейді.
Дінмұхамед Лесбековтің мәліметінше, жаз мезгілінде, тіпті ауа температурасы шектен тыс көтерілген күндердің өзінде, бақылау бекеттері қыс мезгіліндегідей ауаның аса жоғары деңгейде ластанғанын тіркемейді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда аптап ыстық басталғалы жедел жәрдем шақыртуы көбейгенін жазғанбыз.