Алматының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жылу болмаған, су аққан немесе ақау туындаған жағдайда тұрғындар 109 жедел желісіне, 225-14-31 нөмірі бойынша Бірыңғай диспетчерлік орталыққа, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарына жүгінуге кеңес берді.
Сондай-ақ жылыту маусымы басталғанға дейін пәтерлердегі радиаторлар мен бекіту арматурасының жарамдылығын тексеру ұсынылды.
— Жылыту жүйесіне өз бетінше тиісуге, соның ішінде радиаторларды алып тастауға немесе жүйедегі суды ағызуға болмайды. Мұндай әрекеттер апатқа, жылыту жүйесінің жұмысы бұзылуына және тікқұбырлардағы жылудың өшуіне әкелуі мүмкін, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, радиаторлар мен жылыту тікқұбырларына баратын жолды жауып тастауға немесе қалың пердемен жабуға болмайды, өйткені бұл жылу беруді төмендетеді.
Өтінішті 109 жедел желісі мен Бірыңғай диспетчерлік орталықтан бөлек, Open Almaty және e-Otinish сервистері арқылы, сондай-ақ басқарманың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына жолдауға болады.
Еске салайық, Алматыда жылыту маусымын 9 қазанда бастау жоспарланған.
Сондай-ақ жылу берілген тұрғын үйде пәтер жылымаса, қайда жүгіну керегін жазғанбыз.