Алматыда жол жөндейтін мердігерлерге талап күшейтілмек

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жолдағы шұңқырларды жөндеу жұмыстары бойынша мердігерлерге қойылатын талап күшейтіледі.

Бұл туралы Алатау ауданының тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімі Ерболат Досаев айтты.

Тұрғындардың айтуынша, жол жөндеу кезінде ой-шұңқырлар дер кезінде жабылмайды.

Алматы әкімі аталған мәселе бойынша, мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевты орнынан тұрғызды. 

— Регламент бойынша, егер асфальт ойылса, ол жұмыс күнінің соңына дейін қалпына келтірілуі тиіс, — деді басқарма басшысы.

Қала әкімі келісімшарттық міндеттемелерде бұл нормалар жазылғанын, бірақ мердігерлер асфальттың уақытында жеткізілмегенін немесе техниканың жеткіліксіз екенін айтып, осы талаптарды орындай бермейтінін атап өтті. 

— Регламент бар, демек шұңқырларды жөндеуге жауапты аудандық әкімдіктер бұл мәселеге бақылауды күшейтеді, — деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ, қала басшысы осындай жағдайлар бойынша қала тұрғындары «е-Otinish», «Open Almaty» әкімдігінің қоғамдық қабылдауы немесе жол инфрақұрылымына арналған Almaty_Joly арнайы Telegram-арнасының @almatyjolybot чат-боты арқылы хабарласа алатынын тілге тиек етті.

Еске салайық, 2025 жылы Алматыда 300 шақырым жол жөнделеді.