Алматыда жолаушылардың 49%-ы жолақысын төлемейді

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев брифинг кезінде әкімдік қоғамдық көлік қолжетімділігін қалай арттыруды жоспарлап отырғанын айтты. 

Ол автобустарға байланысты халық нарызылығымен таныс екенін мәлімдеді. Айтуынша, бұл мәселені шешу үшін қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

— Бірінші — жаңа үш автопарк салып жатырмыз. Екіншіден, қалада қоғамдық көлікке арналған жанар-жағармай бекеттері болмаған, бәрі біреуіне ғана баратын. Қазір автопарктердің жанында осындай жанармай бекеттері салынады. Жыл соңын дейін бұл жұмыстар бітеді, — деді ол.

Сонымен қатар Алмасхан Сматлаев қоғамдық көлік маршруттарын бақылау үшін 412 маман жұмыс істейтін жедел қозғалыс орталығын ашылғанын атап өтті.

— Бізде 3500 автобус пен 3800 жүргізуші бар. Орталық мамандары күнде әр маршрутты тексереді. Қазір қай маршрутта қандай жүктеме бар екенін санап жатырмыз. Бұл — бір күнде шешілетін сұрақ емес. Біздің деректеріміз бойынша жолаушылардың 49%-ы жолақы төлемейді. Әрине, жұмысына дұрыс қараймайтын жүргізушілер бар. Бірақ халықтан да жолақыны төлеуді сұраймыз. Жарты жылдың ішінде нақты есептеу жүргізілген соң, қандай бағыттарды автобус санын көбейту керек, қайсысын жаңарту керек екенін нақтылаймыз. Одан бөлек біз қаладағы автобус жолақтарының санын көбейткелі жатырмыз. Бұл жайлы алдағы уақытта хабарлаймыз, — деді әкім орынбасары.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда өткелдердегі лифтіні қолдану мәселесі қалай шешілетінін жазғанбыз.