АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Satbayev University-нің бас оқу ғимаратынан (Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) түтін шықты. Әлеуметтік желіде оқу орнынан эвакуацияланып жатқан студенттердің видеосы таралып жатыр.
Университеттің баспасөз қызметі ғимараттың жылу желісінен ақау шыққаны және қабаттардың бірінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Жөндеушілердің бірі болгарка құралымен жұмыс істеп жатқан сәтте одан шыққан ұшқын шүберек затқа түсіп, ол біртіндеп түтіндеп, иісі шыға бастаған. Шүберек зат өрт сөндірудің барлық ережесіне сәйкес жойылды. Ешқандай өрт шыққан жоқ, бірақ дабыл ойнаған соң, сол қабаттағы адамдар сыртқа эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады ЖОО баспасөз қызметі.
Думан Арғынгелді
2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы қалалық филиалында, «Аягөз жаңалықтары», «Алматы ақшамы» газеттерінде қызмет атқарды. Мақалалары республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланды. 2021 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.