Республикалық дөңгелек үстел Алтын Орда дәуіріндегі түркі ойшылдарының әлеуметтік-философиялық, этикалық ой-толғамдарымен діни-философиялық ұстанымдарын заман талабына сай талдаудан өткізу, сонымен қатар қазіргі Қазақстандағы әділеттілік қағидаттарын насихаттаудың тарихи және идеялық бастауларын анықтау мақсатында ұйымдастырылды.
— Биыл Президентіміз Жошы ұлысының 800 жылдығын лайықты деңгейде атап өту керек, маңызды мәселелер болса, оны талқылау керек деген ұсынысын айтқан еді. Соған байланысты көптеген мекемелерде талқылау өтіп жатыр. Бүгінгі дөңгелек үстелде негізінен Жошы дәуіріндегі әлеуметттік-философиялық мәселелер көтерілді. 1991 жылы біздің институтта Қазақ философиясы деген бөлім ашылған болатын. Ондағы мақсат — ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейін қазақ руханияты мен философиясын зерттеу. Сол уақыттан бері үлкен топтамалық кітаптар шықты. Онда біршама материалдарды Алтын Орда дәуіріне арнадық. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5-том арнайы Жошы ұлысы дәуіріндегі Сәйф Сараи, Насреддин Рабғузи, Құтып сынды ойшылдарға арналды, — деді Философия, саясаттану және дінтану институты Философия орталығының директоры Серік Нұрмұратов.
Жиын барысында Алтын Орда дәуіріндегі Рабғузи, Құтып, Кәтіп, Жалайыри, Дулати және басқа ойшылдардың әлеуметтік-философиялық көзқарасы мен дүниетанымы сараланып, талқыланды.
Сондай-ақ ғалымдар Жошы мұрасын зерттеу бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
— Жошы данагөй әрі дарынды тұлға болғандықтан нақты кесіп айта алмаймын. Бірақ менің пікірімше, бұл кісінің бойында әулиелік қасиеттер бар. Философияда логиканың 5 түрі бар, оның бірі — әулиелік логика. Қазір бізде әулиелер қалмады. Ал енді Жошы хан жайлы біз нені білуіміз керек? Жошы ханның мұрасын зерттеушілер оның жеке қасиеттерін білуге ұмтылса деймін. Себебі бізге рухани дүние жетіспейді. Ол кісінің бойындағы жеке адами қасиеттерін, нені мұрат еткенін, нені рухани қалқан қылғанын білсе деймін, — деді философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Кенжалы Толысбай.
Еске салайық, бұған дейін канадалық ғалым қазақ халқын Жошы ұлысының тікелей мұрагері деп атаған болатын.
Ал Анкара университетінің профессоры Абдуллах Гюндоғду Анадолы мемлекеті мен Жошы ұлысы арасында байланыс болғанын айтқан еді.