Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде жөспірімдер жанжал шығарды

Фото: Абай облысы ПД

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жасөпірімдер түнгі клубқа кіріп, ішімдік ішкен.

Әлеуметтік желіде мас күйінде Хэллоуин мерекесін атап өткен жасөспірімдердің бейнежазбасы тарады. Аталған дерек бойынша полицияға хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар мен ювеналды полиция қызметкерлері келген. 

Бейнежазбадан жасөспірімдер мен олардың ата-аналары және полиция қызметкерлері арасында жанжал шыққанын көруге болады. 

– 6 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша олардың екеуінің алкогольдік ішімдік ішкені және мас болғаны белгілі болды. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналарына қатысты әкімшілік шара қолданылды. Ал жасөспірімдердің өздері профилактикалық есепке алынды, - деп хабарлады полициядан.

Сондай-ақ полиция департаменті кәмелетке толмаған жасөспірімдердің көңіл көтеру орнына кіруіне жол берген мекеме иесіне қатысты да әкімшілік шара қолданатынын мәлімдеді.

– Бұл ойын-сауық орнының қызметін тоқтату және жабу туралы ұсыным сотқа жолданды, - деп хабарлады полициядан. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда полиция қылмыс жиі тіркелген түнгі клубтарды «ақылды камералармен» бақылайтынын жазғанбыз.