Алматыдағы Абай даңғылы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзартылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту үшін 81 жер учаскесін сатып алу қажет.
Алматыда жол-көлік инфрақұрылына түсетін жүктемені азайтуға бағытталған басты жобалардың бірі - Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (ҮАААЖ) дейін ұзарту. Ол үшін біраз жылдан бері жұмыстар жүргізіліп келеді. 2021 жылы желтоқсан айында Абай даңғылының бойымен Б.Момышұлы көшесінен Алатау көшесіне дейін ұзындығы 3,5 шақырым учаскенің құрылысы аяқталып, жол ашылды.
Ал биыл мамыр айының соңында Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, Строительная көшесінен қала шекарасына дейінгі соңғы 600 метр жолдың бойындағы жұмыс бітті. Абай даңғылының Б.Момышұлы көшесінен басталатын ұзарған бөлігінің жалпы ұзындығы – 5,3 шақырым.
Енді Алматы облысының әкімдігі қала шекарасынан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін Абай даңғылын жеткізуі керек. Алайда қазіргі уақытта қарқынды жұмыстар жүріп жатқан жоқ. Осыған орай, Kazinform тілшісі жауапты мекемеге сауал жолдады.
Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жауабына сәйкес, Абай даңғылын ұзарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, ол мемлекеттік сараптамадан өтіп қойған. Жоба бойынша жол бойында көпір, жолайрығы және күрделі инженерлік инфрақұрылым қарастырылған.
- Алматы облысы аумағында орналасқан Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (ҮАААЖ) дейін ұзарту жобасы 2020 жылы әзірленіп, 2022 жылы түзетуден өтті. Жобаның ұзындығы – 3,4 км, жалпы құны – 7,4 млрд теңге. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2022 жылы басталды, - деп хабарлады басқармадан.
Бүгінге дейін облыс тарапынан Ақсай өзені арқылы көпір мен ҮАААЖ-мен қосылатын жолайрығы салынған. Сондай-ақ жалпы жер қазу жұмыстарының бір бөлігі орындалған. Жалпы құрылыс жұмыстарының 20%-ы орындалған.
- Алайда қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды. Жобаны жалғастыру үшін қосымша қаржы қажет. Осыған байланысты қазіргі уақытта жобаның орындалуын аяқтау үшін Алматы қаласының теңгеріміне беру туралы қаулы жобасы әзірленіп жатыр. Құжат бекітілгеннен кейін жобаны әрі қарай жүзеге асыру мәселесін Алматы қаласының әкімдігі қарайды, - делінген басқарма жауабында.
Сонымен қатар жол құрылысына байланысты жалпы 81 жер учаскесін сатып алу қажет. Бүгінге дейін олардың 50-і сатып алынған, қалған учаскелерді сатып алу жұмыстары қаржыландыруға байланысты кейінге шегерілген.
- Аталған жобаны іске асыру – Алматы агломерациясының көлік жүйесін дамыту тұрғысынан аса маңызды. Бұл жоба қала ішіндегі көлік жүктемесін азайтып, ауданаралық көлік қатынасын жеңілдетеді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар нысандар мен жаңа аудандарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді, Алматы облысы мен Алматы қаласы арасындағы көлік байланысын күшейтеді. Нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және инвестициялық тартымдылығына оң ықпал етеді, - деді Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Абылай Жәнібеков.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда көшелерді ұзарту үшін 35 млрд теңгеге жер учаскелері сатып алынатынын жазғанбыз.