Алматыдағы бірнеше қиылыста бағдаршамдардың жұмысы өзгереді

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жүктемесі жоғары бірқатар қиылыста қозғалыс сызбасын түзету бойынша пилоттық жоба қолға алынды. Жоба аясында жүргіншілер мен көлік қозғалысына арналған жекелеген бағдаршам фазалары өзгертіледі.

Алматының жол қозғалысын және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, өзгерістер мына қиылыстарда енгізіледі: Назарбаев даңғылы — Гоголь көшесі, Абылай хан даңғылы — Гоголь көшесі, Достық даңғылы — Абай даңғылы, Сейфуллин даңғылы — Мақатаев көшесі, Абай даңғылы — Алтынсарин даңғылы.

6 ақпанда пилоттық режимде Назарбаев даңғылы мен Гоголь көшесінің, сондай-ақ Абылай хан даңғылы мен Гоголь көшесінің қиылыстарында жаңартылған қозғалыс сызбасы енгізілді. Қалған учаскелерде осындай өзгерістерді 15 ақпанға дейін іске асыру жоспарланып отыр.

— Бағдаршам нысандарының жұмысын түзету Алматының жол қозғалысын және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы мен Әкімшілік полиция басқармасы бірлесіп жүргізді. Пилоттық жоба аясында жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға және көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған қосымша бағдаршам фазасы енгізілді, — делінген хабарламада.

Өзгерістер қозғалысты оңтайландыру және апаттық тәуекелдің қаупін азайту мақсатында ең көп жүктемесі бар қиылыстарда енгізіледі.

Ведомство жүргізушілер мен жүргіншілерге бағдаршам сигналдарын мұқият қадағалап, Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қоғамдық көлікке арналған Avtobys цифрлық жолақы төлеу жүйесін кезең-кезеңімен енгізу басталатынын хабарлағанбыз.