Алматыдағы ең көне базар жыл соңына дейін жаңартылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Ерболат Досаев Түрксіб ауданында орналасқан «Алматы-1» базарын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
«Алматы-1» базары 1938 жылдан бастап жұмыс істейді. Ауданы 7 мың шаршы метр, онда жылыту және инженерлік желіге қосылмаған контейнерлік типтегі 570 сауда нүктесі бар. Өткен ғасырдың 40-50-ші жылдарында салынған базар ғимараттары тозған және қауіпсіздік стандартына сәйкес келмейді.
«Базарды жаңғырту аясында саудагерлер мен келушілер үшін соның ішінде тез бұзылатын өнімдерді сақтауға және жылумен қамтамасыз етуге арналған тоңазытқыш камералары үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондай-ақ жобада лифттер, эскалаторлар, жер асты және жер үсті автотұрақтар, мейрамхана ауласы, жаяу жүргіншілер аймағы және тағы басқасы көзделген», - деп атап өтті әкімдіктен.
Бірінші корпустың бірінші және екінші қабаттарының металл қаңқасы тұрғызылды. Еден аралық бетон құю аяқталды. Қазіргі уақытта баспалдақ салынып жатыр. Автономды газ қазандығын монтаждау жұмыстары басталды.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, саудагерлер контейнерлерден көшірілетін бірінші корпустың құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.
Жалпы, кешенге азық-түлік және киім-кешек базарлары, жалға алушыларға арналған ойын алаңдары, мейрамханалар, әкімшілік бөлім, халыққа қызмет көрсетуге арналған басқа да аймақтар, тиеу-түсіру кіреберістері, жер асты паркингі кіреді. Жеке инвестициялардың жалпы сомасы 7,3 млрд теңгеден асады.
2021 жылы Алматыда «Рахат кз» базарлары мен «Алатау» базарының 4 блогы күрделі жөндеуден өтті.
Бүгінде қалада сауда қызметін реттеу туралы Заңға сәйкес 33 базар жаңғыртылды, тағы тоғысында 2025 жылға дейін жұмыс аяқталуға тиіс.
2022 жылдың ақпанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі базарлардың жұмысын заңнамалық тұрғыдан реттеуді тапсырған болатын.
«Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 млн адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарда тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Бұған Аламтыдағы қаңтар оқииғасы кезінде анық көз жеткіздік», -деген еді Мемлекет басшысы.