Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте медициналық мекемелердің басшылары ауруханалардағы қазіргі жағдай, стационарлардың жүктемесі және қабылдау бөлімдерінде пайда болған кезектердің себептері туралы айтып берді.
Балалар инфекциялық ауруханасындағы жағдай және кезектің себебі
Қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасының директоры Ержан Сералиннің айтуынша, балалар тәулік бойы үш филиалда қабылданады. Бұл қала аудандары бойынша науқастар ағынын біркелкі бөлуге мүмкіндік береді.
Қазір ауруханадағы 720 төсек-орынның (648 негізгі және 72 қосымша) шамамен 85%-ы бос емес. Дегенмен науқастар күн сайын шығарылып жатқандықтан, орындар тұрақты түрде босап отырады. Орта есеппен ЖРВИ мен тұмауды емдеу 4–5 күнге созылады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде ауруханалардың қабылдау бөлімдеріндегі кезек түсірілген видеолар тараған еді. Спикер мұның себебіне де тоқталды.
Оның сөзінше, кешкі және түнгі уақытта медициналық мекемелерге түсетін жүктеме күрт артады. Бұған балаларын емханаларға бармай-ақ, бірден стационарға алып келетін ата-аналар да әсер етеді.
Пациенттер медициналық сұрыптау қағидаты бойынша қабылданады. Сондықтан алдымен жағдайы ауыр балалар тексеріледі. Алғашқы медициналық тексеру 15–30 минутқа созылғанымен, талдау тапсыру, қосымша зерттеулерден өту және бейінді мамандардың кеңесін алу қажеттілігіне байланысты жалпы күту уақыты ұзарады.
1 қазан мен 22 қараша аралығында балалар ауруханасына 33 252 адам жүгінген. Оның ішінде 7 168 бала (21,6%) ауруханаға жатқызылды. Қалған 26 084 пациентке амбулаториялық көмек көрсетіліп, тіркелген жері бойынша емханаларға жіберілді.
Ауруханаға жатқызудың негізгі себептері:
* ЖРВИ — 3 732 жағдай;
* энтеровирустық инфекция — 1 282 жағдай;
* пневмония — 1 066 жағдай.
Стационарда ем қабылдаған науқастардың 66,9%-ы ЖРВИ мен пневмонияға шалдыққан.
Ересектер ауруханасы: жүкті әйелдерге ерекше назар аударылады
І. Жекенова атындағы қалалық инфекциялық ауруханада қабылдау бөліміне жүгінгендердің шамамен 75%-да ЖРВИ белгілері байқалады.
Аурухана директоры Айгүл Әбдірахманованың мәліметінше, эпидемиологиялық маусым басталғалы бері стационарда 230 негізгі төсек-орынға қосымша 100 орын ашылып, жалпы саны 330-ға жеткізілген. Медициналық мекеменің жалпы қуаты 424 орынға есептелген.
Жансақтау бөлімінде 9 төсек-орын бар. Қажет болған жағдайда оны тағы 21 орынға кеңейтуге мүмкіндік қарастырылған. Ол үшін өкпені жасанды желдету аппараттары, мониторлар мен инфузоматтардың қажетті қоры бар.
1 қазан мен 23 қараша аралығында респираторлық инфекция белгілерімен ауруханаға 1 724 адам жүгінген. Оның 1 199-ы (70%) стационарға жатқызылса, қалғандары амбулаториялық ем алу үшін емханаларға жіберілген.
23 қарашадағы жағдай бойынша ауруханада 316 адам ем қабылдап жатыр. Олардың 214-іне (68%) ЖРВИ, 7-еуіне (2,2%) пневмония диагнозы қойылған.
Дәрігерлер жүкті әйелдерге ерекше назар аударып отыр. Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері медициналық көмекке 315 жүкті әйел жүгінген. Оның 207-сі тәулік бойы бақылауда болу үшін ауруханаға жатқызылған.
Аурудың ауыр түрімен түскен пациенттерге жүргізілген зертханалық талдаулар риновирус, бокавирус, маусымдық коронавирус және А/H3N2pdm09 тұмау вирусын анықтаған.
Клиника басшысының айтуынша, аурухана вирусқа қарсы препараттармен, дезинфекциялау құралдарымен және жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар қосымша төсек-орын ашу үшін қажетті резерв те бар.
Дәрігерлер кеңесі
Мамандар Алматы тұрғындарын өз бетінше емделмеуге және ЖРВИ-дің алғашқы белгілері байқалғанда тіркелген жері бойынша емханаға жүгінуге шақырады. Бұл стационарлардың қабылдау бөлімдеріне түсетін артық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Жедел жәрдем шақыру немесе бірден ауруханаға бару тек науқастың жағдайы күрт нашарлаған кезде қажет.
Қаладағы эпидемиологиялық ахуал Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының тұрақты бақылауында.
Еске салайық, мұның алдында Алматы облысында ЖРВИ жұқтырғандар саны көбейгенін жазған едік.