Алматыдағы «Қалқаман» метро бекеті 99%-ға дайын — әкімдік

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы аяқталуға жақын.

Видеодан алынған кадр

Қазір станцияда соңғы құрылыс-монтаж жүргізіліп жатыр. Нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бүгінде нысанның құрылыс дайындығы — 99%.

— Бұл — аудан тұрғындары үшін қоғамдық көліктің жаңа әрі жылдам түріне қолжетімділікті арттыратын маңызды жоба. Метро іске қосылғаннан кейін тұрғындардың қала орталығына және Алматының басқа аудандарына қатынауы жеңілдейді, — деді Наурызбай ауданының әкімі Нәзира Тоғызбаева.

Сонымен қатар алдағы уақытта метро желісін «Барлық» базары бағытына қарай жалғастыру жоспарланып отыр. Бұл бағытта тағы үш станция салынбақ.

Еске салайық, Алматыда «Қалқаман» бекетінің жобасы 2020 жылы қолға алынды. 2022 жылы құрылыс басталды.

Бұған дейін бекет құрылысымен айналысып жатқан компания қаржыландыру бірқалыпты бөлінбегендіктен, жұмыс қарқыны төмен болғанын мәлімдеді: 2020 жылы — 190 млн теңге, 2021 жылы — 600 млн, 2022 жылы — мүлдем қаржы бөлінбеген. Негізгі қаржы 2023 жылдан бастап түсе бастаған: 9,2 млрд (2023), 2,3 млрд (2024), 28 млрд (2025), ал 2026 жылы тағы 17 млрд теңге қарастырылды.

Негізі станцияны бастапқыда 2025 жылы ашу жоспарланған еді. Оның іске қосылуы тәулігіне жолаушы санын 20 мың адамға арттырады деп жоспарланған. Алайда кейін мерзім 2026 жылға шегерілді.