— Алматыда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Бұған дейін хабарланғандай, факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті жүргізушіге сот санкциясымен қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылды. Ол заңның бүкіл қатаңдығымен жазаланады. Менің тапсырмам бойынша Алматыға Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің қызметкерлері жіберілді. Жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар басқа да заң бұзушылықтардың болуы туралы уәждер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Бірқатар басшы атқарып отырған қызметтерінен босатылды. Барлығына құқықтық баға берілетінін ерекше атап өтемін. Ешкім де жауапкершіліктен жалтара алмайды. Заң бәріне ортақ, — деп жазды ІІМ басшысы.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Әл-Фараби даңғылында екі автокөлік соқтығысып, салдарынан үш адам қаза тапты.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов халықпен кездесу кезінде резонанс тудырған жол-көлік оқиғасына қатысты сұраққа жауап берді. Ол жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты.
— Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қазіргі уақытта ауруханада жатыр. Алдағы уақытта оған қатысты тергеу әрекеттері толық жүргізіліп, жүргізуші қамауға алынады, — деді полиция бастығы.