Алматы мәдениет басқармасының агенттіктің ресми сауалына берген жауабына сәйкес, қала әкімдігі хайуанаттар бағының аумағын кеңейту үшін оған іргелес орналасқан 10 жер телімін сатып алып жатыр. Қазіргі уақытта бұл жұмыс аяқталуға жақын.
— Бүгінде бір жер телімі сатып алынды. Қалған жер телімдерін сатып алу рәсімдері соңғы кезеңге жетті, — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Абай Оспанов.
Бұл жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою және сатып алу жұмыстарын Алматының жер қатынастары басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіп жатыр.
Сафари-паркке бөлінген жер қайда кетті?
Бұған дейін Алматы хайуанаттар бағының иелігіндегі Жетіген ауылдық округінде орналасқан 150 гектар жерге сафари-парк салу жоспарланған еді. Бұл жер телімі 2006 жылы Іле ауданы әкімінің шешімімен осы жоба үшін Алматы қаласының қарамағына берілген.
Алайда Алматы облысының әкімдігі 2025 жылы қаңтарда бұл жерді қайтару жөнінде Алматы әкімдігіне ресми талап жолдады. Бұған Алатау қаласының жаңа бас жоспары негіз болған. Құжатқа сәйкес, бұл аумақта индустриялық аумақ орналастыру көзделген.
2025 жылдың маусымында Алатау қаласының әкімдігі жерді мемлекеттік қажеттілік үшін мәжбүрлеп алып қою туралы қаулы шығарды. Ал сол жылдың қыркүйегінде Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әкімдіктің талап-арызын толық қанағаттандырды.
Алматы мәдениет басқармасы бұл жердің орны қалай өтелетінін түсіндірді.
— Бұрын хайуанаттар бағы пайдаланған 150 гектар жердің орнына Алматы облысының әкімдігі Жетіген ауылдық округінен басқа жер телімін береді. Қазіргі уақытта бұл жерді заңнамаға сәйкес Алматы хайуанаттар бағының теңгеріміне беру рәсімі жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады басқарма.
Алматы хайуанаттар бағы — Қазақстандағы ең көне хайуанаттар зообақтың бірі. Ол 1937 жылы ашылған. Оның аумағы — 21 гектар. Мұнда 380-нен астам жануар түріне жататын 3 500-ден астам аң-құс мекендейді. Оларға 220-дан астам қызметкер күтім жасайды.
Еске салайық, 2025 жылғы мамырда Алматы мәслихатының XXVIII сессиясында цирк пен хайуанаттар бағын жаңғырту жобасын әзірлеуге 100 млн теңге бөлінетіні хабарланған еді.
Кейін Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов хайуанаттар бағын жаңғыртуға дайындық аясындағы негізгі міндеттің бірі — оған іргелес жер телімдерін сатып алу екенін айтқан еді. Оның сөзінше, қазіргі уақытта хайуанаттар бағына кіреберістегі жолдардың тарлығы мен көлік кептелісі келушілерге қолайсыздық туғызып отыр.