Қалада осындай екі оқиға тіркелген, науқастың екеуі де вакцина алмаған. Бұл туралы Алматыдағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты.
Оның сөзінше, кене шаққан адам алғаш рет наурыз айының басында тіркеліпті. Алматының маңы иксод кенесі кең тараған эндемиялық аумаққа жатады, олар кене энцефалиті мен кене боррелиозын тасымалдайтындықтан қауіпті болып саналады.
— Биыл кене шаққандарды былтырғы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда ертерек тіркей бастадық. Бұл күннің ерте жылынып, кенелердің белсенді бола бастауымен байланысты. Дәрігерге жүгінгендердің саны артқанына қарамастан, жалпы көрсеткіш көпжылдық орташа деңгейден аспайды. Жағдайды қазір үзбей бақылап отырмыз, — деді Әсел Қалықова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.
Алматыда кенеге қарсы өңдеу жұмысы жалғасып жатыр. Дезинсекцияның бірінші кезеңі 26 наурыз бен 30 сәуір аралығында өтіп, 2 366 гектардан астам аумақты қамтыған. Оған орман алқабы, қалалық саябақтар мен алаңқайлар кірді. Екінші кезең 6 мамырда басталды. 17 мамырға дейін 661 гектардан астам аумақ өңделген, бұл — жалпы жоспардың шамамен 28%-ы.
Ең үлкен аумақ Медеу ауданында. Мұнда шамамен 1 469 гектар жерді қамту жоспарланған, оның ішінде Медеу, Бутаковка, Көлсай, Сұлусай шатқалы мен басқа да табиғи аймақтар бар. Бостандық ауданында Алма-Арасан шатқалы мен қалалық саябақтардың аумағында кенеге қарсы жұмыс жүргізіліп жатыр. Алатау, Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу, Наурызбай мен Түрксіб ауданындағы саябақтар мен алаңқайларды өңдеуді толық аяқтап бітіпті.
Маусым бойы мамандар төрт бағытта — Бутаковка, Медеу, Алма-Арасан мен Қарағайлы шатқалында энтомологиялық бақылау жүргізеді. Маусым басталғалы бері 41 кене ұсталыпты. Біреуі Тұңғыш Президент саябағының аумағынан табылған. Ұлттық сараптама орталығының бөлімшесінің зертханасы да 187 кенені зерттеген, оның ішінде адамдардан алынғандары да бар екен. Солардың ішіндегі төрт кене ауру тарататындар болып шықты.
Департамент мамандары кене шаққан жағдайда төрт күннен асырмай медициналық көмекке жүгіну қажет екенін еске салды. Алматыда шұғыл көмек көрсететін бес травматологиялық пункт жұмыс істейді, олардың қатарында Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы да бар.
Мамандар вакцинацияны алдын алудың ең тиімді жолы деп отыр. 18 мамырдағы мәлімет бойынша, кене энцефалитіне қарсы 2 381 адам вакцина алған. Қаладағы медициналық ұйымдарда бельгиялық өндірістегі «ТикоВак» вакцинасының 8 мыңнан астам дозасы бар.
Еске салайық, бұған дейін ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Арай Зекенова қазір кене шағу Алматы облысы мен Алматы қаласында өршіп тұрғанын айтқан еді.