Алматыдағы жаңа стадион құрылысының қашан аяқталатыны белгілі болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы мәслихатының кезекті сессиясында мегаполистегі ірі инфрақұрылымдық жобалар талқыланды.

Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Сессиясы барысында депутат Елена Те қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановқа сұрақ қойып, одан «Медеу» мұз айдынын жаңғыртуға және жаңа стадион құрылысына қатысты мәселелердің бар-жоғын сұрады. Өз жауабында Бейбіт Шаханов бұл жобалардың тек Алматы үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызы зор екенін атап өтті.

— Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен бұл стадион бірегей нысандар қатарына жатқызылды. Жобаны жүзеге асыру үшін Құрылыс істері комитеті бекіткен жеке жоспар бар, біз соның негізінде жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл стадионда еуропалық деңгейдегі ірі турнирлерді өткізуге өтінім бере алуымыз үшін жобаны Қазақстан футбол федерациясымен, УЕФА-мен және өзіміздің «Қайрат» футбол клубымен келісіп жатырмыз. Бірақ біздің өңірде сейсмикалық қауіптің жоғары екенін ескеру қажет. Стадион салынып жатқан учаске 10 балдық аймаққа жатады. Сондықтан бұл жобаны Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен бірлесе мұқият пысықтап жатырмыз. Дәл қазіргі уақытта сынақ қадаларын қағу жұмыстары жүріп жатыр. Осы сынақтар аяқталғаннан кейін іргетас құю жұмыстарын жалғастырамыз. Бұл — өте маңызды жоба әрі ерекше бақылауда тұр. Алдын ала болжам бойынша құрылысты 2028 жылдың наурыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Сонымен қатар Бейбіт Шаханов «Медеу» мұз айдыны тарихи және сәулет ескерткіші тізімінде екенін атап өтті.

-Сол себепті жоба Мәдениет министрлігімен және «Қазқайтажаңарту» мекемесімен келісіледі. Қазіргі уақытта қажетті ғылыми сараптамаларды алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. — 2027–2028 жылдардың маусымына қарай «Медеу» мұз айдыны қонақтар мен туристерді қабылдай бастайды деп болжап отырмыз, — деді әкімнің орынбасары.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі UEFA-ның IV санат талаптарына сәйкес Құлжа тас жолында салынатын 45 мың орындық стадион құрылысы 2027 жылдың IV тоқсанында аяқталатынын хабарлаған еді.