Алматыдағы жер сілкінісі кезінде хабарлау жүйесі істемей қалған: кінәлілер сотталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматыда болған жер сілкінісі кезінде автоматтандырылған алдын ала ескерту жүйесі дұрыс жұмыс істемей, тұрғындарға дер кезінде хабарлама келмеген.
Алматы прокуратурасының хабаралауынша, ведомство бұл жайт бойынша тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады.
Тексеру нәтижесінде жүйені сатып алу кезінде бюджет қаражаты жымқырылғаны анықталып, сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеу барысында «TNS-INTEC» ЖШС бас директоры сапасыз жабдық жеткізіп, жалған актілер рәсімдеу арқылы аса ірі көлемде мемлекет қаражатын иемденгені дәлелденді.
Алматы гарнизонының әскери соты іс бойынша үкім шығарды.
– Жабдықты қабылдау кезінде немқұрайлық танытқан Алматы төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдері де қылмыстық жауапқа тартылды, - делінген хабарламада.
Сот барлық айыпталушыны кінәлі деп танып, оларға бас бостандығынан айыру және мемлекеттік, квазимемлекеттік органдарда лауазым иелену құқығынан айыру жазасын тағайындады.
Еске салайық, 2025 жылғы 23 қазанда Алматы тұрғындарына жер сілкінісіне байланысты ескерту келді.
Алматы төтенше жағдайлар департаменті сейсмодатчиктердің деректері бойынша Қырғызстан аумағында сейсмикалық белсенділік тіркелгенін хабарлады, бірақ ол халық пен инфрақұрылым нысандарына қауіп төндірмеді.