Алматыдағы ЖОО-да күмәнді сөмкеге байланысты студенттер эвакуацияланды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен қызметкерлерінің эвакуацияланғаны туралы ақпарат тарады.

Фото: Gov.kz


Оқиға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биология және химия факультетінің маңында болған.

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, қаладағы оқу орындарының бірінен қараусыз қалған сөмке табылған. Оқиғаға байланысты шұғыл қызметтер дереу шақырылған.

— Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында студенттер мен оқытушылар эвакуацияланды. Тексеру барысында сөмкенің студенттердің біріне тиесілі екені және ішінде оқу құралдары бар екені анықталды. Сөмкедегі заттар қауіп төндірмейтіні белгілі болды, — деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Полиция азаматтарды қырағылық танытқаны үшін алғыс айтып, күмәнді немесе қараусыз қалған заттарды байқаса, өз бетінше әрекет етпей, дереу 102 нөміріне хабарлауды ескертті.

Еске салсақ, Алматыдағы ЖОО-ларға бомба қойылғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда полиция бомба жоқ екенін мәлімдеді.