Алматыдан Павлодарға бет алған ұшақ кері оралды

АСТАНА. KAZINFORM — 20 қазанда Алматыдан Павлодарға ұшқан FlyArystan әуе компаниясының рейсі ұшып шыққан әуежайға оралды. Ал кері бағыттағы рейс тоқтатылды. Бұған Павлодар әуежайында ұшақты мұздануға қарсы өңдеу мүмкіндігінің болмауы себеп болған.

Фото: Мақсат Шағsрбаев/Kazinform

Компанияның мәліметінше, FS-7131 рейсі Алматыдан ұшып шыққаннан кейін кері қайтқан. Ал Павлодардан Алматыға бағытталған FS-7132 рейсі тоқтатылды.

Ұшу кезінде Павлодардағы күн райы нашарлап, жауын-шашын болжанған. Мұндай жағдайда әуе кемесі ұшар алдында мұздануға қарсы арнайы өңдеуден өтуі керек. Алайда Павлодар әуежайында мұндай мүмкіндік болмағандықтан, қауіпсіздік мақсатында ұшақты Алматыға қайтару туралы шешім қабылданған.

FlyArystan рейстердің қайта басталатыны туралы қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.

Компания жолаушыларға бос орындар болған жағдайда билетін ең жақын рейске бір рет тегін қайта рәсімдеуге немесе билет ақшасын толық қайтарып алуға мүмкіндік береді.

Компания брондау кезінде көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарлама жіберілгенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның қай әуежайларында ұшақтар құстармен жиі соқтығысатынын жазғанбыз.