Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдерінің айтуынша, әйелге күрделі ота жасалды. Ем нәтижесінде науқастың жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылды.
Ауруханаға түскен кезде науқастың екінші дәрежелі комаға түскені, қан қысымының күрт төмендегені, жарақаттық және геморрагиялық шок алғаны анықталды. Сонымен қатар жамбас сүйектері бірнеше жерден сынып, кеуде тұсы ауыр зақымданған.
Алғашқы кезеңде дәрігерлер науқастың өмірлік маңызды ағза қызметін қалпына келтіруге бағытталған шұғыл шаралар қабылдады. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін оны отаға дайындады.
Жамбас сүйектерін қалпына келтіріп, бекіту отасын травматолог-ортопедтер Дәулет Чукманов пен Нұржан Нұралы жасады. Анестезиологиялық көмекті Асхат Қасымұлы көрсетті. Хирургтер зақымданған сүйектерді арнайы металл пластиналар мен бұрандалардың көмегімен бекітті.
— Отадан кейінгі екінші күні-ақ науқасты біртіндеп қозғалысқа келтіру жұмыстары басталды. Кейінгі емдеу шараларының нәтижесінде денсаулығы біртіндеп жақсарды. Ауруханада 18 күн ем қабылдаған әйел қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды, — делінген хабарламада.
Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастың өмірін сақтап қалуда шұғыл медициналық көмектің уақытылы көрсетілуі, дәрігерлердің кәсібилігі мен медицина мамандарының үйлесімді жұмысы шешуші рөл атқарған.
Еске салайық, Алматыда дәрігерлер 8-қабаттан құлаған жасөспірімді аман алып қалған еді.