Алматылық оқушы ҰБТ-дан 140 балл жинап, пәтерге ие болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жекеменшік мектептердің бірін үздік аяқтаған Айша Сатыбалды Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) 140 балл жинады. Осындай жоғары жетістігі үшін білім ордасы оған пәтер сыйлады.
– 140 балл жинағаныма әлі күнге дейін сене алмай жүрмін. Шын айтсам, ондай нәтиже күткен де жоқпын. Негізгі мақсатым – 130 баллдан асу еді. Дегенмен дайындыққа екі жылымды арнадым: 10-сыныпта ағылшын тіліне, 11-сыныпта тарих пәніне басымдық бердім. Ұйқысыз түндер мен күйзеліс болды, бірақ тест тапсыру жеңіл өтті, - деді Айша.
Айша Сүлеймен Демирель университетіне «Екі шет тілі» мамандығы бойынша түсуге шешім қабылдады. Болашақта ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болуды армандайды. Сондай-ақ магистратураны шет елде оқуға ниетті.
Айша Алматы қаласында туып-өсті. Алдымен мемлекеттік мектепте оқып, кейін жекеменшік мектепке ауысқан. Отбасында үйдің үлкені, артынан ерген екі інісі бар. Пәтер кілтін алған сәтте қуанышын жасыра алмады, ұстаздары мен жақындарына алғыс білдірді.
Мектеп директоры Мұхит Нәметқұловтың айтуынша, биыл мектепті 147 оқушы тәмамдады. Олардың көпшілігі 100 балдан жоғары нәтиже көрсеткен, 15 түлек — үздік аттестатпен, ал 9-ы - «Алтын белгі» иегері атанды.
– Оқу жылының басында мектеп құрылтайшысы ең жоғары балл жинаған оқушыға пәтер сыйлаймын деп уәде берген. Бұл оқушылар үшін үлкен мотивация болды. Меніңше, жоғары балл жинауға деген ұмтылыс пен осындай сыйлық алу мүмкіндігі шешуші рөл атқарды, - деді мектеп директоры.
Айша оқыған мектеп Алматыда үш жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ең жоғары көрсеткіштер 138–139 балл болған, ал биыл алғаш рет 140 балл шегіне жетті.
Айта кетейік, Айша – ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинаған алғашқы оқушы емес. Бұған дейін Түркістандық түлек Әбілхан Жәнібек дәл осындай нәтиже көрсеткен.
Ол ІТ маманы болуды армандайтынын айтқан болатын.
Сондай-ақ Наурыз айында ақылы ҰБТ-дан ең жоғары 140 баллды Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының түлегі Санжар Қуандық жинаған болатын.