Іс-шара барысында оқушылар мен жас ғалымдардың зерттеу нәтижелері ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Онда көрсетілген жобардың бірі - Алматы қаласы №173 мектеп-лицейінің оқушылары Ануар мен Нұрәли жасап шығарған робот.
Оқушылар роботты PIXAR студиясының Уалли кейіпкеріне ұқсатып жасаған. Айтуларынша, ішіне жасанды инттелект енгізілген робот адамның шағын көмекшісі бола алады.
- Теория тұрғысынан роботты қалай жасау керек екенін білдік. Сондықтан осы жобаға кірісіп, алдымен оны картон және өзге материалдардан жасап көрдік. Бірақ оның сапасы төмен болды. Сондықтан негізгі бөлшектерінің барлығын 3D принтер арқылы жасап шығардық. Ішіне ESP32 микроконтроллеры орнатылды. Ол сымсыз байланысқа мүмкіндік береді, - деді оқушылар.
Кішкентай роботтың ішінде 7 мотор бар. Өнертапқыштар бұл - оның кез келген бағытта еркін қозғалуы үшін керек екенін атап өтті. Бүгінде жоба толық аяқтала қоймаған. Ануар мен Нұрәли оның көздеріне камера салып, сол арқылы сымсыз қашықтықтан басқармақ.
- Бағдарламасы Arduino платформасы арқылы жаздық. Бұл робот Python тілінде жұмыс істейді. Әрине, қазір ол кішкентай. Пауэрбанк қуаттандырады. Болашақта оны үлкейтіп, өзін әлде қайда ақылдырақ жасасақ дейміз. Сонда тек жеке көмекші емес, адам қолы жетпейтін жерді зерттейтін құрал болады, - деді оқушылар.
Ақылды шлагбаум
Көрмеде қалалық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар да болды. Қаладағы жеке мектеп оқушылары жедел қызметтердің жұмысын жеңілдету үшін ақылды шлагбаумды жасап шығарған. 11 сынып оқушысы Айым Көмектің айтуынша, бұл жобаға өмірден алынған тәжірибе түрткі болды.
- Жедел жәрдем үшін әр секунд маңызды. Бірақ қаладағы тұрғын үйлердің алдында орнатылған шлагбаумның болуынан олар тез кіріп-шыға алмай жатады. Ал біз ұсынған жоба бойынша шлагбаумдар көліктің мемлекеттік нөмерін оқып, оны ашатын болады, - деді ол.
Шлагбаумдағы камера алдына келген көлікті жүйе Computer Vision арқылы байқап, Tesseract пен OpenAI көмегімен оның мемлекеттік нөмірін қатесіз оқып шығады да, сол арқылы базадағы мәліметпен салыстырып шлагбаумды автоматты түрде ашады.
Барлық арнайы машиналардың нөмірі жергілікті сервердегі базаға алдын ала енгізіледі. Мемлекеттік тіркеу нөмірлері қайталанбайды, сондықтан жүйе қателеспейді. Бұл шешім кептеліс пен шлагбаум кесірінен шақыртуға уақытылы жете алмай жататын арнайы қызметтердің жұмысын жеделдетіп, адам өмірін сақтап қалуға септігін тигізбек.
— Ең қиыны — код жазу болды, кейде ол жұмыс істемей жатты. Бірақ біз оны жөндедік. Бюджетті де жақсы, көп қаражат қажет емес, - деді Айым Көмек.
Еске салайық, ҰҒА мәліметі бойынша елдегі 28 мың ғалымның жартысына жуығы жастар.