Алматылық зейнеткерлер шипажайға жолдаманы қалай ала алады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда зейнеткерлерге шипажайға емделуге жолдама беру тәртібі түсіндірілді.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Қалада бүгінде 266 094 зейнеткер тұрады.

Алматының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында жыл сайынғы шипажай жолдамаларының саны жеңілдік алуға құқығы бар және белгіленген талаптарға сай келетін азаматтардың өтініштері негізінде айқындалатынын мәлімдеді.

Алматыда 2026 жылы шипажай-курорттық мекемелерге 3 899 жолдама беру жоспарланып отыр.

Шипажайлармен келісімшарттар жасалған

Басқарма мәліметінше, азаматтарды шипажай-курорттық емделуге жолдамамен қамтамасыз ету Алматы аудандары әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері арқылы жүзеге асырылады. Бұл қызмет заңнамаға сәйкес өткізілетін мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтижесінде көрсетіледі.

Қазіргі уақытта бірнеше шипажаймен келісімшарт жасалған. Олардың қатарында Алматыдағы «Аққайың» және «Демалыс-К», Сарыағаштағы «Ақжайық» пен «Береке-7», сондай-ақ Түркістан облысындағы «Сапа» шипажайлары бар.

Тегін жолдаманы кімдер ала алады

Басқарма мәліметінше, Алматы мәслихатының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №73 шешіміне сәйкес, шипажайға емделуге берілетін әлеуметтік көмек жылына бір рет, 12 күнтізбелік күнге дейін ұсынылады.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне жолдама тегін беріледі. Ал еңбек ардагерлеріне, басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан зейнет жасындағы ардагерлерге, жасына байланысты зейнетке шыққандарға және 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысушыларға жолдама құнының бір бөлігі төленеді. Олар базалық зейнетақыны есепке алмағанда, зейнетақы мөлшерінің 25%-ы көлемінде төлем жасайды.

Сонымен қатар жасына байланысты зейнеткерлердің жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінің үш еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

2026 жылы Алматы бойынша күнкөріс деңгейі 50 581 теңге болып белгіленген.

Қайда жүгіну қажет

Соғыс ардагерлері тегін жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша аудандық бөлімге мына құжаттарды тапсыруы қажет:

• жеке куәлік;
• №068/у нысанындағы шипажай-курорттық емделуге жолдама алуға арналған анықтама;
• «Ардагерлер туралы» заңның 9-бабына сәйкес, ардагер мәртебесін растайтын құжат.

Жасына байланысты зейнеткерлер үшін қажет құжаттар:

• жеке куәлік;
• №068/у нысанындағы анықтама;
• зейнетақы мөлшері туралы құжат;
• өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің табысы туралы мәліметтер.

Еске салайық, бұған дейін Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында зейнеткерлерге қандай қызметтер тегін көрсетілетіні туралы жазған едік.