Алматылықтар аудан әкімшілігі ғимаратының қайта жөндеу жұмыстарын сынға алды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылықтар әлеуметтік желіде Алмалы ауданы әкімдігі ғимаратының қайта жөндеу жұмыстарын сынға алып, оның тарихи келбетін жоғалтуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.

Фото: archcode.kz

Ғимарат Абылай хан даңғылы мен Әйтеке би көшесінің қиылысында орналасқан, ол ауданның танымал сәулет нысандарының бірі.

Талқылауға құрылыс қоршауына ілінген жобалық эскиз, сондай-ақ ғимараттың қасбетіндегі элементтерін бұзу жұмыстарының жалғасуы себеп болды. Тұрғындар бұл жұмыс ғимараттың бастапқы келбетін бұзуы мүмкін деп қауіптенеді. 

Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары жаңа материалдардың сапасына күмән келтіріп, олардың беріктігі мен эстетикасы жағынан қазіргі материалдардан төмен болуы мүмкін екенін атап өтті. Басқа пікір білдірушілер бағаналарды, қасбеттің басқа сәндік элементтерін сақтауды сұрайды. 

— Біз ескі ғимараттарды қалпына келтіруге қарсы емеспіз, бірақ осындай сирек кездесетін нысандарды неге мүмкіндігінше сақтай алмаймыз? Олар саусақпен санарлықтай аз, — деп жазды желі қолданушылары.

Қала тұрғындарының сұрауларына жауап ретінде қала құрылыс басқармасы реконструкция жобасы ғимараттың техникалық жағдайы мен оның беріктігін арттыру қажеттілігін ескере отырып әзірленгенін түсіндірді. Атап айтқанда, жобада бар құрылымдық элементтерді күшейту, бөлмелерді ішінара қайта жоспарлау, шатырды ауыстыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ лифт орнату қарастырылған.

— Сыртқы қабырғалардың фасадтарын демонтаждау оларды күшейту қажеттілігіне байланысты жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін сыртқы қабырғаларды оқшаулау, одан кейін жеңіл материалдардың көмегімен ғимараттың бастапқы келбетін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сәндік элементтер мен бағаналар қалпына келтіріледі, төбелер тегістеліп, тазаланып, жоғары беріктігі бар бояумен боялады. Осылайша, ғимараттың сәулеттік көрінісі сақталады. Сонымен қатар қасбеттерді жарықтандыру да қарастырылған, — деп хабарлады басқарма.

Айта кету керек, бұл тарихи нысан 1963 жылы салынған.

Айта кетейік, Алматыда заңсыз салынған нысан бұзылды. Бұған дейін меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша іс материалдары Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған. Соның негізінде әкімшілік шаралар қабылданды.