Алматылықтарға тегін берілетін дәрі-дәрмектер тізіміне қатысты мәслихат өзгерістер енгізді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 2025 жылғы 10 желтоқсанда өткен Алматы мәслихатының кезектен тыс сессиясында «Алматы қаласында тіркелген Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша тегін беру туралы» шешімге өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, алматылықтарға тегін берілетін кейбір препарат алынып тасталды. Олар: жүрекшелердің фибрилляциясы және тыпыры кезінде қолданылатын Ривароксабан және остеоартроз кезінде берілетін Эндопротез.
Сонымен бірге бірнеше ауру бойынша тегін берілетін дәрі-дәрмектер нақтыланды. Атап айтқанда, жүйелі қызыл жегі кезінде Ритуксимаб, ал дилатациялық кардиомиопатия диагнозы қойылған науқастарға Валсартан мен Сакубитрил комбинациясы қарастырылған.
Бұған қоса, тегін дәрі-дәрмек берілетін аурулар тізімі толықтырылды. Енді жүйелі қызыл жегі кезінде Анифролумаб, қысқа ішек синдромы кезінде Тедуглутид, ал оптиконевромиелит (Девик ауруы) кезінде Ритуксимаб тегін беріледі.
Бұл өзгерістер 2025 жылғы 28 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.
Еске салайық, бұған дейін мемлекеттен тегін дәрі алатын қазақстандықтар рецептіде жазылған дәрінің баламасын алғысы келсе, оның ақысын мемлекет ішінара өтеп беретінін жазғанбыз.