Алматының Абай, Төле би, Жұбанов көшелерін ұзарту жұмыстары қашан аяқталады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев жол және көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары туралы айтып берді.

Қала әкімінің айтуынша, 2025 жылдың мамыр айында Ақжар және Шұғыла шағын аудандарында тағы 20 км жаңа жол құрылысы басталады. Одан бөлек Ерболат Досаев Абай, Төле би, Жұбанов көшелерін ұзарту жұмыстарына тоқталып, құрылысты аяқтаудың нақты мерзімін айтты. 

Фото: Алматы әкімдігі

- Ауданда магистральдық көшелерді ұзарту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Абай даңғылы Строительная көшесінен Алтын Орда көшесіне дейін ұзартылуда, жоба мамыр айының соңына дейін толық аяқталады. Төле би көшесін ұзарту бойынша 270 жер учаскесінің 211-і сатып алынды, жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жұбанов көшесіне келетін болсақ, 346 учаскенің 75-і сатып алынды, көшені ұзарту жұмыстарын 2026 жылдың қараша айында аяқтаймыз, - деді Ерболат Досаев.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда көшелерді ұзарту үшін 35 млрд теңгеге жер учаскелері сатып алынғанын жазғанбыз.