Қалалық спорт басқармасының мәліметінше, сағат 05:30–дан 06:40–қа дейін Әл-Фараби даңғылының Достық даңғылынан Талғар тас жолына дейінгі бөлігінде, сондай-ақ сағат 05:30–дан 10:30–ға дейін Достық даңғылынан Науаи көшесіне дейінгі бөлікте көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
— Бұл шаралар жарысқа қатысушылар мен жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі. Жүргізушілерден өзгерістерді ескеріп, жол жүру бағытын алдын ала жоспарлау сұралады, — деп хабарлады басқармадан.
Gran Fondo World Championship веложарысына 20-дан астам елден 1 мыңға жуық әуесқой спортшы қатыспақ. Қатысушылар 95, 50 және 37 шақырымдық қашықтық бойынша сынға түседі. Жарыстың сөресі мен мәресі әл-Фараби даңғылы, 40 мекенжайында, Halyk Bank ғимаратының маңында орналасады.
Еске салайық, Алматыда бірнеше күнге Жандосов және Центральная көшелері жабылды.