Газ — қоғамдық көлік үшін негізгі жанармай түрлерінің бірі. Бүгінде мегаполис көшелерінде газбен жүретін 1 608 автобус қатынайды, бұл — жалпы қоғамдық көлік санының жартысына тең.
Автобустар қай жерде газ құяды
Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқарма басшысының орынбасары Азамат Ешанқұлдың айтуынша, қазір қала автобустарына газ құю үшін 8 газ толтыру компрессорлық стансасы жұмыс істеп тұр. Олар коммуналдық және жекеменшік автобус парктер аумағында, индустриялық аймақтарда, сондай-ақ жеке операторлардың өндірістік алаңдарында орналасқан.
«АвтоГазАлматы» ЖШС-нің 4 стансасы келесі мекенжайларда орналасқан:
— Алатау ауданындағы Хан Шатыр көшесі, 288;
— Әуезов ауданындағы «Ақсай-1» шағын ауданы, 40;
— Бостандық ауданындағы Өтепов көшесі, 18;
— Алматы облысы Іле ауданындағы Первомайская нефтебаза көшесі, 159.
Ал «Ecosta» ЖШС-ына тиесілі газ бекеті Түрксіб ауданындағы Гете көшесі, 327/2 мекенжайында, № 1 коммуналдық автобус паркінің жанында орналасқан. Тағы екі газ толтыру компрессорлық стансасы «Алматыэлектротранс» коммуналдық автобус парктер аумағында қызмет көрсетеді: Майлин көшесі, 79в/2 мекенжайындағы № 2 автобус паркінде және Калининград көшесі, 45 мекенжайындағы № 3 автобус паркінде.
Сегізінші станция («Aspro CNG» ЖШС) Алатау ауданындағы Бауыржан Момышұлы көшесі, 1/65 мекенжайында орналасқан.
Кезек неліктен пайда болды
Биыл шілде айында жұмыс істеп тұрған 8 газ бекетінің үшеуінде ақау болған. Басқарма бұған газ қысымының төмендеп кетуі, сондай-ақ техникалық тораптар мен компрессорлық құрал-жабдықтарды жөндеу қажеттілігі себеп болғанын хабарлады.
Осыған байланысты автобустардың бір бөлігі жұмыс істеп тұрған станцияларға бағытталған. Сондықтан оларға түскен жүктеме артып, салдарынан іргелес көшелерде автобустар кезегі пайда болды.
Жағдайды тұрақтандыру мақсатында ақауы бар стансаларда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ тағы екі станса сынақ режимінде іске қосылған. Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта кептеліс жоқ, кезек қысқарған.
Стансадағы барлық бағананы неліктен пайдалануға болмайды
№ 2 автобус паркіндегі газ құю бекетінде барлық бағана техникалық тұрғыдан толық жарамды. Бірақ 10 газ құю бағанының тек 8-і штаттық режимде пайдаланылады, ал екеуі резервте тұр.
Басқарма жауабына сәйкес, мұндағы құрал-жабдықтарда ақау жоқ. Тек барлық 10 бағана бірдей қосылған кезде құбырдағы газ қысымы төмендеп кетеді. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары тұрмыстық газ қысымының төмендегеніне шағымданған. Сондықтан стансада 8 бағана автобустарды газбен қамтамасыз етеді.
Әрбір екінші автобус газбен жүреді
Күн сайын қалалық бағыттарға 3,2 мың қоғамдық көлік шығады. Резервті қосқанда олардың саны 3,8 мыңға жуықтайды. Оның ішінде 1 608 автобус газбен, 1 248-і дизель отынымен жүреді. Одан бөлек қалада 211 электробус пен 156 троллейбус бар. Осылайша, Алматыда газбен жүретін автобустардың үлесі шамамен 49,9%-ға жеткен. Сондықтан газ құю бекеттерінің жұмысы қоғамдық көліктің кедергісіз қатынауына тікелей ықпал етеді.
Басқарма өкілдері қолданыстағы барлық станция ақаусыз жұмыс істеген жағдайда, олардың жалпы өткізу қабілеті қазіргі газбен жүретін автобустар паркін қамтамасыз етуге толық жететінін айтады.
Жаңа стансалар қайда ашылады
Алматы әкімдігі жаңа нысандар арқылы қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуды көздеп отыр. Бүгінде екі қосымша станция сынақ режимінде жұмыс істеп тұр.
Оның бірі — Жетісу ауданында, «Көкжиек Сити» тұрғын үй кешенінің маңында орналасқан. «Wood stoke» ЖШС инвестициялық жобасы аясындағы станса 31 шілдеден бері сынақтан өтіп жатыр. Қазір ол тәулігіне 150–170-ке жуық автобусқа қызмет көрсетеді. Толыққанды пайдалануға беру мерзімі сынақ нәтижелері бойынша белгіленеді.
«Ecobus Service» ЖШС-нің тағы бір газ құю бекеті Алматы облысы Іле ауданының Первомай өнеркәсіптік аймағында орналасқан. Ол да 31 шілдеден бастап сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр. Күн сайын 160-қа жуық автобусқа отын құяды.
Тағы бірнеше нысан құрылыс кезеңінде тұр. Алатау ауданының индустриялық аймағында «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС инвестициялық жобасы аясында жеке газ құю бекетң бар жаңа автобус паркін салу жоспарланған. Ол 2027 жылы пайдалануға берілуі тиіс.
«BaTy travel компаниясы» ЖШС Мәмбетов көшесі, 1/67 мекенжайы бойынша жаңа стансаны іске қоспақ. Оны 2027 жылдың басында ашу жоспарланған.
«Думан Транс KZ» ЖШС-нің тағы бір стансасы биыл қыркүйекте пайдалануға берілуі керек. Оның жобалық қуаттылығы тәулігіне 17 мың текше метр газға жетеді.
Еске салайық, Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев газ құю бекеттеріндегі автобус кезегіне қатысты пікір білдірді.