Алматының қандай нысаны UFC турнирін қабылдай алады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда биыл аралас жекпе-жектен әлемдік промоушен UFC-дің турнирі өтуі мүмкін.
Бұл ақпаратты бірнеше ай бұрын қалалық Спорт басқармасы растады. Еске салайық, 2025 жылы 21 маусымда Әзербайжан астанасында өткен UFC турнирінен кейін ұйымды Қазақстанға шақыру туралы әңгімелер жаңа серпін алды.
Елімізде миллиондаған жанкүйері бар промоушеннің турнирін өткізу мүмкіндігі бұрыннан айтылып келеді. 2020 жылы Астана UFC Fight Night 176 турнирі қабылдауы тиіс болған. Алайда пандемияға байланысты ол өтпей қалды. Қазіргі уақытта UFC турнирлері әлемнің 30 елінде ұйымдастырылған. ТМД елдерінің арасында әзірге әлемдік ұйым тек Ресей мен Әзербайжанға келді.
Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Алматы қаласының спорт басқармасы турнирді ұйымдастыру жұмысы әлі де келіссөз сатысында екенін нақтылады. Қазіргі уақытта іс-шараны өткізу мерзімі және қаржыландыру көздері бойынша мәселелер талқыланып жатқандықтан, нақты шешім қабылданбаған.
- Алматыда UFC турнирін өткізу мүмкіндігін қарастыру аясында UFC ұйымымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар бастапқы кезеңде, нақты шешімдер қабылданған жоқ, - деп мәлімдеді басқармадан.
Ведомство жауабына сәйкес, қалада турнир өткізу туралы шешім қабылданса, оны «Алматы арена» кешенінде ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Бұған дейін «Астана концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов UFC турнирін елордадағы «Барыс Арена» еш қиындықсыз өткізуге болатынын айтқан еді.
— Кешен UFC-дің барлық райдеріне сәйкес келеді. Оның үстіне елімізде өте танымал жекпе-жек спортшылары бар, мысалы Шавкат Рахмонов. Турнир өткізуге техникалық жағынан да, инфрақұрылым бойынша да дайынбыз. Тек жұмыс істеуді қажет ететін бағыт - халықаралық серіктестер мен демеушілерді тарту, — дейді ол.
UFC-дегі қазақстандық спортшылар
UFC алаңында жекпе-жекке шығып, елімізді танытып жүрген спортшылардың қатары жыл сайын артып келеді. Егер Алматыда турнир ұйымдастырылатын болса, олардың бірі кештің басты оқиғасында өнер көрсетуі де ықтимал. Бұл тұста әсіресе, ең жеңіл салмақтың рейтингінде 7-ші тұрған Асу Алмабаев пен жартылай орта салмақтың рейтингінде 2-ші орынға жайғасқан Шавкат Рахмоновты атап өтуге болады.
Әзірге UFC-дегі отандық спортшылардың арасында биыл өтетін екі жекпе-жек ресми расталған. Асу Алмабаев 28 ақпанда Мексикада өтетін UFC Fight Night турнирінің басты кездесуінде Брендон Мореномен күш сынасады. Ал Әліби Ыдырыс 22 ақпанда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін кеште Оди Осборнмен жолығады.
Сондай-ақ Дияр Нұрғожайдың әлеуметтік желідегі мәліметінше, ол 8 наурыз күні UFC 326 турнирінде Рафаэль Тобиаспен кездеседі. Бірақ бұл жекпе-жек ұйым тарапынан әзірге ресми расталған жоқ.
Еске салайық, Шавкат Рахмонов пен Ислам Махачев UFC жекпе-жегіне шығуы мүмкін екенін жазғанбыз.