Алматының қауіпті таулы аймағында заңсыз үш қабатты үй салынған

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Жантөбе» бау-бақша серіктестігінің №51 учаскесінде құрылысы жүріп жатқан үш қабатты нысан бұзылды.

Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, аталған ғимарат топырақ көшкіні қаупі бар аймақта орналасқан.

Бұған дейін меншік иесіне (жеке тұлға) рұқсат құжаттарының болмауына байланысты әкімшілік шаралар қолданылып, жоспардан тыс тексеру аясында заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Кейін басқарма тарапынан бұл нұсқаманы мәжбүрлеп орындату, атап айтқанда нысанды бұзу туралы талаппен Алматы қаласы Медеу аудандық сотына талап-арыз берілді.

– Сот талап-арызды қанағаттандырып, нысанды бұзу туралы шешім шығарды. Қазір оны сүру жұмыстары Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен басталды, - деп хабарлады басқармадан.

Осыған дейін Алматыда мемлекеттік қордың жерінде заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандарын бөлшектеу жұмыстары жүріп жатқаны туралы жазған едік. 

2023 жылдың басынан бері 74 заңсыз нысан, оның ішінде тұрғын үй кешендері толығымен немесе ішінара бұзылды.