Алматының Медеу – Тұйықсу жолында көлік қозғалысы төрт айға шектеледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Медеу — Тұйықсу автожолында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүргізіледі.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұл жұмыстар инженерлік желілердің сенімділігін арттыруға және Шымбұлақ шатқалында орналасқан нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты 2026 жылы 24 шілде мен 30 қараша аралығында Медеу — Тұйықсу автожолында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.

— Бұл шаралар жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, арнайы техниканың кедергісіз жұмыс істеуі және жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін қажет, — деп хабарлады әкімдіктен.

Алайда Шымбұлақ шатқалындағы туристік нысандар қалыпты режимде жұмысын жалғастыра береді. Жол төтенше жағдайлар және апаттық қызметтердің көліктеріне, шатқал тұрғындарына, сондай-ақ арнайы техникаға ашық болады. Жаяу туристер үшін шатқал мен туристік нысандарға кіру мүмкіндігі сақталады. Балама бағыт ретінде Студенттер соқпағын пайдалану ұсынылады. Бағыт «Медеу» бөгеті жанындағы № 12 және № 21 автобус бағыттарының соңғы аялдамасынан басталып, бөгеттің төменгі жағымен өтіп, «Горельник» визит орталығына дейін жалғасады.

— Топырақты соқпақпен өтетін бағытта еңіс жерлер де бар. Осыған байланысты туристердің ыңғайлы спорттық немесе треккингке арналған аяқ кигені жөн. Қала тұрғындары мен қонақтарынан сапарын алдын ала жоспарлап, уақытша шектеуді ескеруді, жол белгілерінің талаптарын сақтап, реттеуші қызметкерлердің нұсқауын орындауды сұраймыз, — делінген мәлімдемеде.

Еске салайық, бұған дейін Алматының Жандосов көшесінде көлік қозғалысына екі апта шектеу енгізілетінін жазғанбыз.